«Шығысэнерготрейд» компаниясы басшылары ерекше жоспары арқылы депутаттар мен монополияға қарсы департамент өкілдерін таңқалдырды. Аймақтағы қуат таратушы кәсіпорын тарифтерді көтергісі келеді, және бұл қаржы электр желілері мен стансаларды жөндеуге жұмсалмайтын сыңайлы.
Өскеменде өткен қоғамдық тыңдау барысында белгілі болғандай, компания қуатты қымбаттатудан түскен ақшаға кеңсе тауарлары мен компьютерлер сатып алмақ. Ол аз болса, өздеріне ғимарат жалдайды екен. Айта кетейік, қуат таратушы компания 1 ақпаннан бастап тарифті 13,9 пайызғы көтеру жайлы өтініш жасаған. «Шығысэнерготрейд» серіктестігінің директоры 5 жылдан бері компьютерлері мен кеңсе тауарлары жаңармағанын айтып шағымданды.
Вячеслав Аксёнов, «Шығысэнерготрейд» ЖШС бас директоры:
Біздің шығындарымыз өте көп. 240 қызметкердің жалақысы, қағаздар, компьютерлер, түбіртек басып шығару, оны тұтынушыға жеткізу. Бізге келсеңіздер, қаншалықты қиын екенін көзбен көресіздер.
Иван Жученко, қоғамдық ұйым өкілі:
Шығындарыңыз туралы ешқандай мәлімет жоқ. 2016 жылға инфляция, қосымша құн салығы туралы да ешбір ақпарат көрмедік. Қанша қаржы жинайтындарыңыз белгісіз. Тарифті не үшін өсірмексіздер?
Бұл мәселеге салаға жауапты департамент басшысы да араласты. Ол жарық таратушы мекеменің өтініші мұқият тексерілетінін ескертуде. Қалай болғанда да, тариф құнын аздап өсіру жоспарда бар екенін жеткізді.
Қайрат Оразбаев, ҚР ҰЭМ ТМР бәсекелестікті қорғау комитеті ШҚО департаментінің директоры:
Бүгін бұл ұсынысты қараймыз, мәселені толықтай тексеретін боламыз. Баға өседі, бірақ мүмкіндігінше аз мөлшерде.