Қазақстанда ақылы автокөлік жолдарының саны ұлғайтылмақ. Енді қалааралық үш күре жол ақылы болмақ. Бұл туралы журналистермен кездесуде Инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шара бірінші және екінші санаттағы республикалық жолдардың күтіміне арналған қаржы дефицитін қысқартуға мүмкіндік бермек.
«Атап айтқанда, Астана-Теміртау, Астана-Павлодар және Алматы-Қапшағай тас жолдарына кеткен шығын қайтарылуы тиіс. Ал келешекте республикалық тас жолдардың 30 пайызын ақылы қылу көзделуде», - деді Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі:
Алғашқы рет ақылы жүйе Астана-Щучинск тас жолында енгізілген болатын. Үстіміздегі жылы осы «автобаннан» 1 млрд 2 млн - 1 млрд 3 млн теңге өндіріп алу жоспарлануда. Бұл қаржы тас жолының өз күтіміне жұмсалмақ.
Сондай-ақ, брифингте 2020 жылға дейін республикалық тас жолдардың 30 пайызы жөндеуден өткізілетіндігі айтылды. «Бүгінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аяқталуда. Биыл жыл аяғана дейін оның 157 километр жолы жөнделмек. Сондай-ақ, Елбасы тапсырмасымен еліміздің орталығын, оңтүстігін, шығыс және батыспен байланыстыратын ірі жоба қолға алынды», - деді вице-министр.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі:
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай», жалпы ұзындығы бес мың шақырымнан астам. Оның ішінде 2800-і Қазақстан арқылы өтеді. Бес облыс арқылы. Біз осы жылдың соңына дейін үш облыс Шымкенттен бастап - Шымкент, Қызылорда, ары қарай Ақтөбе - Ресейге дейін қозғалысты береміз. Осы үш облыс бойынша жұмыстардың бәрі жыл соңына дейін бітеді.
Жұрағат БАМАН