Ресей, Украина және Еуроодақ жұма күні өзара келісімге қол қойды. Протоколға байланысты бұдан былай Ресей газы Украинаға қайта тасымалданады. Басқосуда келісілгендей, Украина жыл соңына дейін Ресейге 4 млрд 600 миллион АҚШ долларын аударады.
Сондай-ақ, Украина Ресейден 4 млрд текше метр газ сатып алуды көздеп отыр. Украина өкілдерінің айтуынша, елде бұл трансферді өтейтін қаражат бар. Өз кезегінде Еуроодақ - Әлемдік валюта фонды, Еуропалық Кеңес және «Нафтогаз»-дың қорынан қаражат бөлінетініне кепілдік берді.
Келісім-шартқа байланысты газ тасымалы қараша мен наурыз айларының аралығында жүреді. Ресей газының 1 мың текше метрі ағымдағы жылы 378 АҚШ долларын құрайды. Ал келесі жылы газдың құны мың кубына 365 АҚШ долларымен сатылады. Бұл келісім-шартқа қарамастан, Ресей және Украина арасында газ бағасына байланысты теке-тірес аяқталатын емес. Екі мемлекеттің газға байланысты мәселесін Стокгольмдегі арбитраждық сот қарайтын болады.
Самат ҚАНАҒАТОВ