Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан үшін Таяу Шығыс елдерінің ішінде негізгі инвесторлардың бірі. Осындай мәлімдемені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянмен кездесуде жасады.
Ақорда баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екі жақты қарым-қатынастардың басымдығы бар мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті тұстары да сөз етілді.
Мемлекет басшысы, Біріккен Араб Әмірліктерінің даму қарқыны жоғары екеніне назар аудара отырып, елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл соңғы жылдары барлық негізгі бағыттар бойынша нығайғанын атап өтті. Тығыз ынтымақтастықтың мысалдары ретінде Елбасы Астанадағы көп функционалды «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысын, Al Hilal Bank ислам банкі мен Қазақстандағы «Фалах» бірлескен инвестициялық қордың қызметін келтірді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА