Адам папилломасы вирусына қарсы екпе жасату - міндетті емес. Ол ерікті түрде, баланың ата-анасының рұқсатымен ғана жасалады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Серікбол Мусин мәлімдеді.
Шенеуніктің айтуынша, қазір елімізде 21 түрлі дерттің алдын алу бойынша міндетті екпе жасалып жатыр. Ал 11-12 жас аралығындағы қыз балаларға жасалатын екпені жасатуға қатысты еліміздің денсаулық сақтау ведомствосы ешкімді мәжбүрлемейді.
Серікбол Мусин, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:
Адам папилломасына қарсы екпе - бұл ерікті вакцинация. Ол пилоттық режимде өтіп жатыр. Егер де ата-аналар, баланың өзі қарсы болса, онда екпе жасалмайды.
Айта кетейік, өткен жылы Павлодар облысында жатыр мойыны обырына қарсы екпе алған екі қыз ауруханадан бір-ақ шыққанын жаңалықтарымызда айтқан едік. Жетінші сынып оқушылары вакцинаны қабылдап үлгермей жатып, есінен танып қалған. Аяқ-қолдары тартылып, тыныс алуы қиындаған Майқайын кентінің тұрғындары шұғыл түрде Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілген. Мамандар ауыр халдегі 12 жасар қыздарды жансақтау бөліміне жатқызды.
Үш күн бойы ес-түссіз қалған жасөспірімдер ажал аузынан қалған-ды. Ол кезде қыздарына екпе жасауға рұқсат берген аналар: «Жағымды жарнама мен дәрігерлердің «зияны жоқ» деген сөзіне сеніп қалдық», - деп түсіндірді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ