Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда ұша алмай қалып қойған аққулардың қанаты кесілді

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2014
  • 1247

Қызылжарлық ветеринарлар жарақаттануына байланысты ұша алмай қалып қойған аққулардың қанатын кесіп тастады. Еске салайық, қазанның аяғында қанаттары қатаймаған аққулар жылы жаққа ұша алмады. Оларды төтенше жағдай қызметкерлері мұз құрсауынан құтқарған болатын. Өзен-көлдердің арасынан табылған 20 құс ботаникалық баққа орналастырылып, мал дәрігерлерінің тексерісінен өтті. Мамандардың айтуынша, құстардың басым бөлігі жаралы. Тіпті кейбірінің қанаттары сынып, шіруге айналған. Ауруы асқынып кетпес үшін, оларды кесуге тура келді.

Евгений Мищенко, мал дәрігері:

Екі аққудың қанаттары толық кесілді. Ал үшіншісінің жартысы ғана. Сынған қанаттарды алып тастамағанда, олардың қандары бұзылып, аққулар өлер еді. Отаның нәтижесі жаман емес. Ал кейбіреулерінің қанаттары жазда сынған болса керек, сүйектері қисық біткен. Оларды қозғаудың қажеті жоқ деп санадық.

Құстардың барлығы дерлік күн жылығанша бақта қалады. Мамандар қазір аққуларды жем жеуге үйретіп жатыр. Ботаникалық бақ жем-шөп қоры жеткілікті. Бір өкініштісі, белгісіз себептерге байланысты мұндағы киелі құстар әрі кетсе бес-ақ жыл өмір сүреді екен. Кейбірі 2 жылға да шыдамайды. Себебі қолға үйренген құстар дала заңдарына икемделе алмай ажал құшады.

Абзал ҚҰРМАНКИН