Қызылжарда жарты ғасыр жөндеу көрмеген көпір рекордтық мерзімде жаңғыртылды. Қала мен жұмысшы кентін қосатын күре жолдың жұмысы бастапқыда 9 айға созылады деп жоспарланған. Алайда, іс не бары 4 айда бітті.
Құрылыс жұмыстары тұрғындардың қатынап жүруіне кедергі келтіргесін, мердігерлер үздіксіз жұмыс істеуге бел буды. Нысанда күні-түні 50 жұмысшы еңбек етті. Көпірдің негізгі тіректері сау болғасын, жаңартылған жоқ. Ал арқалықтар ауыстыруды қажет етті. Сондықтан, 55 су жаңа бетон арқалық орнатылды. Соның арқасында жолдың ені 10 метрге дейін кеңейді.
Бұдан бөлек, күре жолға жаңа асфальт төселген болатын. Жалпы, құрылыс жұмыстарына қалалық бюджеттен 567 млн теңге бөлініпті.
Владимир Озеров, бас мердігер:
Көпір бетон және темірден жасалған. Мықтап істедік. Енді кемінде 60 жыл жөндеуді қажет етпейді. Құрылыс жұмыстары Ресей темір жолына тәуелді болды. Поездар аптасына 1,5-2 сағат қана тоқтатылып жатты. Бұл аз, әрине. Десе де, бәрі ойдағыдай болды. Жұмысты мерзімінен бұрын бітірдік.
Абзал ҚҰРМАНКИН