Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық «Барыс» командасы қатарынан бесінші ойында үздік шықты

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2014
  • 1372

Кореяның Чеджу қаласында халықаралық бокс қауымдастығының конгресі басталды. Екі күнге созылатын жиын барысында ұйымның президенті мен вице-президенттері тағайындалады. Азия құрлығының атынан вице-президент қызметіне олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев бақ сынап көреді. Конгресс 14 қараша күні аяқталады.

Елордалық «Барыс» командасы қатарынан бесінші ойында үздік шықты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Сочи» клубын қабылдаған Андрей Назаровтың шәкірттері 5-4 есебімен басым түсті. Бұл ойындағы алғашқы голды қонақтар сапында Роман Дерлюк соқты. Қарымта шабуылға шыққан алаң иелері Дастин Бойдтың көмегімен таразы басын теңестірді.

Бұл шайбадан кейін шабыттанған қазақстандық ұжым үзілістен кейін «Сочи» командасының қақпасына тағы жауапсыз үш шайба соқты. Бұл сәттерде мергендігімен танылған Брэндон Боченски, Талғат Жайлауов және Роман Старченко жанкүйерлер қошеметіне бөленді.

Бірақ жеңіске ерте сенген алаң иелері ойын тізгінін қарсыласқа беріп қойды. Мұнда мүмкіндікті ұрымтал пайдаланған ресейлік ұжым негізгі уақыт біткенше, есепті теңестіріп кетті. Овертаймда жеңімпаз анықталмағандықтан, командалар булит сериясында бақ сынап көрді. Бұл лотереяда жолы болған айдын иелері 5-4 есебімен басым түсті. Жеңіс шайбасының авторы - Найджэл Доус.

Константин Пушкарев, «Барыс» клубының шабуылшысы:

Ойын соңына дейін босаңсымау керек. Біз жеңіске ерте сеніп, ойын тізгінін уыстан шығарып алдық. Мүмкіндікті ұрымтал пайдаланған қарсылас есепті теңестіріп кетті. Алдағы ойындарда бұлай қателеспеуіміз керек.

Келесі кездесуінде «Барыс» командасы Омбы қаласының «Авангард» клубын қабылдайды. 

Самат ҚАНАҒАТОВ