Ақмола облысындағы Баянбай ауылында мектеп оқушылары мен ұстаздар эвакуацияланды. «Мұнда бром сақталған ампула жарылды», - деп хабарлайды облыстық төтенше жағдалар департаменті. Оқыс оқиға кеше орын алған.
Белгілі болғандай, 25 миллилитрлік шыны ыдыс мектеп сейфінің ішінде жарылыпты. Мектепке дереу жеткен құтқарушылар 120-дан астам шәкірт пен 40-қа жуық ұстазды эвакуациялады. Сейф оқу ордасынан шығарылды. Бүгін мектепте сабақ қайта жанданды.
Айта өтейік, бром химиялық элементі - аса улы зат. Оның ауадағы концентрациясы 0,001%-ға ғана жеткен күннің өзінде адамның басы айналып, мұрнынан қан кетеді, ал ауаға бұдан жоғары концентрациясы тарап кетсе, адамның тынысы тарылып, тұншыға бастайды.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА