Алғашқы әскери дайындық пәні сыныбынан 5 бірдей мылтық жоғалды. Оқиға Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы мектептердің бірінде болған. Мұны мектеп директорының орынбасары Гүлнәр Мырзағалиева растады және қарулардың әлі күнге табылмағанын айтты. Айта өтейік, қару-жарақ 5 қарашада жоғалған екен. «Бірақ бұл жөнінде енді ғана белгілі болып отыр», - деп жазады «Мой город» порталы.
Жоғалған мылтықтар алғашқы әскери дайындық пәні мұғаліміне тиесілі болған. «Ол мұны оқушыларға көрсету үшін алып келген, қару сол жерден ұрланған», - деді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тужанов. Қазір жоғалған қаруларды іздеумен жергілікті ішкі істер бөлімінің полицейлері айналысып жатыр. Бұл оқиғаға қатысты қосымша ақпараттарды алдағы шығарылымдарда айтатын боламыз.
Илхам ИБРАХИМ