Ислам мемлекеті көпшілікті елең еткізген бейнежазба жариялады. Онда қазақстандық он шақты бала радикалды ислам лагерінде жаттығу өткізіп жатқаны бейнеленген. Кәмелетке толмаған балалар арабша оқу-жазуды үйреніп, қару жарақты қалай қолдану керектігін меңгеріп жатыр.
Британдық DailyMail газетінің жазуынша, бейнежазбаны «Аль-Хаят Медиа Орталығы» дайындаған. Роликте бала алдымен Калашников автоматын шашып, артынша қайта жинастырады. Ал жазбаның соңында өзін Абдулла деп таныстырған екі бозбаланың бірі болашақта моджахед болатынын айтқан.
Өткен аптада ҰҚК-нің басшысы Нұртай Әбіқаев Ислам мемлекетінің қатарында 80-нен аса мемлекеттің өкілдері бар екенін, олардың 300-ден астамы қазақ азаматтары екенін нақтылаған болатын. Ирак пен Сирия жерінде жауласып жатқан Ислам халифатының өкілдері ислам мемлекеттері аумағын 5 жыл ішінде кеңейтуді көздеген.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ