Орал халықаралық әуежайындағы цемент бетонға алмастырылған ұшу жолағы әуежай қызметіне еш кедергі келтірмейді. Әуежай ішкі және халықаралық рейстерде қатынайтын кез-келген үлгідегі ұшақты қабылдауға қауқарлы. Бұл туралы Астанада тілшілерге берген сұхбатында Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұқтыбаев мәлімдеді. 
 
Оның айтуынша, әуежайдың ұшу алаңындағы төсемді алмастыру алдында техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптама жүргізілген. «Нәтижесінде цемент-бетон материалын төсеу мерзімі аз уақыт талап ететіндігі және экономикалық тұрғыдан тиімдірек болатыны анықталып, осындай шешім қабылданды», - деді Мұқтыбаев. 
 
Серік Мұқтыбаев, Инновациялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары: 
 
Әуе компанияларына Орал әуежайына ұшуға тыйым салынады, басқа да кедергілер болады деп айта алмаймын. Егер біздің атымызға әуежай ұшақтарды қабылдаудан бас тартып жатыр деген ақпарат түссе, біз мән-жайды анықтауға кірісеміз.  
 
Жұрағат БАМАН