Бүгін «Нұр отан» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы болып бір ауыздан қала әкімі Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. Бұған дейін филиалды экс-әкім Иманғали Тасмағамбетов басқарған. Қалалық филиалдың жаңа басшысы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтауын қабыл алды.
Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:
Маған білдірген үлкен сенімдеріңізге рахмет. Біріншіден, үлкен жауапкершілік, міндет, бірақ сіздермен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеп, барлық міндеттерді абыроймен орындаймыз деп сенемін.
Салтанатты рәсімнен соң, Бауыржан Байбек 300-ден аса партия мүшесі мен жастар, өзге де ұйымдар қатысқан есептік-сайлау конференциясын өткізді. Жиын барысында партияның Астана қалалық Саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Оған мемлекеттік қызмет, салалық экономика мен қызмет көрсету кәсіпорындарының жұмысшылары, жасотандықтар мен азаматтық қоғам өкілдері кірді. Сондай-ақ «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттары талқыланды.
Салтанат Әли, «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
Жолдаудың бүгінгі таңда бізге, жастарға, берер орны ерекше. Себебі ертеңгі күні Қазақстанның инфрақұрылымы, әлеуметтік дамуы және болашағы осы Жолдауға байланысты болмақ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ