Қатты боран салдарынан Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарында жолдар жабылды. Бұл жөнінде ІІМ-нің ТЖ комитетінен хабарлайды, деп жазады «Қазақпарат». 
 
«4 желтоқсанда Алматы облысында бұрқасын мен жолдың нашар көрінуіне байланысты «Үшарал-Достық» көлік жолының бірқатар учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Ал, сағат 19:30-дан бастап «Алматы-Өскемен» күре жолында жүк көліктері үшін қозғалыс шектелді», - делінген хабарламада. 
 
Қарағанды облысында да дәл осы себеппен көліктің барлық түрлері үшін бүкіл бағыттарға жол жабық. Ал, Павлодар облысында «Павлодар-Қызылорда» тас жолының «Қалқаман-Баянауыл» бағыты бойынша, «Шідерті-Астана» күре жолының учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс тоқтады. Бұған дейін «Астана-Ерейментау», «Астана-Қарағанды» бағыттарында жол қозғалысының жабылғаны туралы хабарланған. 
 
Ақ түтек боран астаналықтарды да әбігерге салды. Мұнда ауа температурасының төмендеуіне байланысты бастауыш сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылды. Жалпы, 4-6 желтоқсан күндері Қазақстанның көптеген облыстарында қар жауып, бұрқасын болады. Желдің жылдамдығы секундына 15-23 метрге жетеді, - деген болжам айтылуда. 
 
Базаркүл ОТЫНШИЕВА