Қатты боран салдарынан Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарында жолдар жабылды. Бұл жөнінде ІІМ-нің ТЖ комитетінен хабарлайды деп жазады «Қазақпарат». « 4 желтоқсанда Алматы облысында бұрқасын мен жолдың нашар көрінуіне байланысты Үшарал-Достық көлік жолының бірқатар учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Ал сағат 19.30-дан бастап Алматы-Өскемен күре жолында жүк көліктері үшін қозғалыс шектелді», - делінген хабарламада.
Қарағанды облысында да дәл осы себеппен көліктің барлық түрлері үшін бүкіл бағыттарға жол жабық. Ал Павлодар облысында Павлодар-Қызылорда тас жолының Қалқаман-Баянауыл бағыты бойынша, Шідерті-Астана күре жолының учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс тоқтады. Бұған дейін Астана-Ерейментау, Астана-Қарағанды бағыттарында жол қозғалысының жабылғаны туралы хабарланған.
Ақтүтек боран астаналықтарды да әбігеге салды. Мұнда ауа температурасының төмендеуіне байланысты бастауыш сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылды. Жалпы 4-6 желтоқсан күндері Қазақстанның көптеген облыстарында қар жауып, бұрқасын болады. Желдің жылдамдығы секундына 15-23 метрге жетеді, деген болжам айтылуда.