Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдың Берёзовка ауылында уланғандар әлі де шағым айтуда

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2014
  • 1141

Батыс Қазақстан облысындағы Берёзовка ауылының тұрғындары «мектеп жабылсын» деп отыр. Бұл талап орындалмаса, балаларын мектепке жібермейтінін айтып дабыл қағуда.

Тұрғындар оқушылардың тағы да уланып қалуынан қорқады. Күні кеше Берёзовка ауылында 7 оқушы өздерін жайсыз сезінген еді. Бүгін тағы 6-ның жағдайы нашарлап дәрігер көмегіне жүгінді. Олардың мұндай күйге түсуіне не себеп болғаны әзірге белгісіз. Ауылдықтар өздерін қауіпсіз жерге көшірмейінше, жағдайдың тұрақталмайтынына сенімді.

Еске салайық, 28 қарашада Батыс Қазақстан облысындағы Берёзовка ауылында 20 шақты оқушы белгісіз газдан уланып, ауруханаға түскен. Арада бірер күн өткенде олардың қатары 40-тан асты. Ал, облыстық прокуратура өкілдері осы кезде ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішінде зиянды газдардың шығарылғанын анықтады. Дегенмен, бұл оқиғаның ауылдағы жағдайға қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы әлі тексерілетін болады. Бүгінде, ауа мен судан және топырақ қыртысынан сынамалар алынуда.

Нұрсұлташ Қалиева, Берёзовка орта мектебінің директоры:

Мектепте сабақ кезінде 7 адам өздерін жайсыз сезінді. Ауа жетпей, жүрегі қысылғасын оларды ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға апардық. Тексергенде қан қысымы 140-тан асқан. 4 бала қазір медпунктте жатыр.

Еркін ҚАРИН