Қостанайда топырақ астында жұмысшылар қаза тапқаннан кейін қазылған орын қоршаусыз тұр

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2014

Қостанайдағы Алтынсары мен Фролов көшелерінің қиылысындағы кәріз құбырын жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Ал тұрғындар болса, 8 метр тереңдікте қазылған шұңқыр - төңіректегілерге қауіп төндіріп тұр деп алаңдайды.

Еске салсақ, екі апта бұрын дәл осы шұңқырда «Балқаш Құбыр монтаж» серіктестігінің қос жұмысшысы опырылған топырақ астында қалып, қаза болған еді. Содан бері бұл аумақ әлі ашық жатыр. Қоршауға алынбаған жер енді тұрғындар үшін аса қауіпті болып отыр. Өйткені, жеке секторды мекендейтіндер терең шұңқырдың шетінде орналасқан құдықтан су алады. Мердігер компания жұмысшылары тек бүгін ғана қауіпсіздік шарасын қолға алып, шұңқырдың жан-жағына қоршау қоя бастады.

Владимир Каптяев, «Балхашқұбырмонтаж» ЖШС жұмысшысы:

Шұңқырдың бірнеше тұсына қалқан орнатып, олардың арасын темір сыммен матап саламыз. Колонканың маңайына да қоршау қойдық. Тұрғындар енді қорықпай су алуына болады.

Заңғар САНАЙ