Қарағанды облысында полицейлердің өліміне соқтырған екі жол апаты бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, өткен демалыс күндері аймақта жол көлік оқиғалары салдарынан 3 бірдей тәртіп сақшысы қаза тапты. Аймақтың ішкі істер департаментінің хабарлауынша, Балқаш-Қарағанды тас жолында BMW көлігін жүргізіп келе жатқан полицей рульге ие бола алмай, жол жиегіне ұшып кеткен. Қасындағы жолаушысы - жол патруль полициясының қызметкері көз жұмды. Ал екінші апат Қарағанды-Ботақара тас жолында болды. ВАЗ көлігін жүргізуші - Бұқар жырау аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері - көктайғақта жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «Фольксваген-Пассатпен» соқтығысып, қасындағы жолаушы-полицеймен бірге қаза тапқан.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:
Жол-көлік оқиғасы барысында Бұқар жырау ауданының 2 полиция қызметкері қаза болды. Қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айжан ҚУАШ