Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетовке түрмеде қысым көрсетіліп, жапа шеккен. Осыған орай ол түзету мекемесінен уақытша қамау изоляторына көшірілді. Бұл туралы Қарағанды облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы бастығы хабарлады. Оның дерегінше, сот сараптамасы арызданушының денесінен қандай да бір соққының ізін таппаған. Десе де, жазагерге психологиялық қысым көрсетілуі мүмкін, дейді прокуратура өкілі. Ол қазір бұл мәселені арнайы прокурорлар тексеріп жатқанын айтты.
Айта кетейік, Серік Баймағамбетов былтыр аймақтардағы бос орындарды 80 мың долларға сатты деген айыппен 10 жылға сотталған-ды. Экс-шенеунік осы күнге дейін Қарағанды облысының АК-159-да 1 қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде жазасын өтеп келді.
Мұхамедкәрім Бектұрсынов, Қарағанды облыстық прокуратурасы арнайы прокурорлар басқармасының бастығы:
Баймағамбетов «түзету мекемесінің қызметкерлері соққыға жықты» деп арызданғандықтан ғана, жапа шегуші ретінде танылды. Мәселе дене жарақаттарында емес, оны психикалық зардапқа да ұшыратуы мүмкін. Бірақ, мекеме қызметкерлеріне ресми түрде айып тағылған жоқ. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айжан ҚУАШ