Келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап
рөлі оң жақта орналасқан көліктерге Кеден Одағы аумағында тыйым салынады. Одаққа мүше елдері аумағында мұндай техниканы сырттан
кіргізуге шектеу қойылды. Бұл жаңашылдықтарды Өскемен қаласында жиналған Кеден
Одағы мемлекеттерінің сарапшылары талқылады.
Сондай-ақ, келер жылдан бастап
көліктер шұғыл қызмет түрлерін шақыратын құрылғылармен жабдықталмақ. Апат орын
алған жағдайда, құтқару қызметі оқиға орнына шұғыл жете алады және медициналық
көмек дер кезінде көрсетіледі. Сарапшылар
зертханалар мен сынақ орталықтарының да болуы қажеттігін пысықтады. Қазақстан,
Ресей және Беларусь елінде құрастырылған темір тұлпарларға ортақ құжат болуы
тиіс. Сақтандыру және техникалық паспорт та орталықтандырылмақ.
Арман Шаққалиев,
«ҚазИнст»
РМК бас
директоры:
Көлікті полиция органдарында тіркеуші азаматтың қолында бағалау стандартына
сәйкестендірілетін құжат болу керек. Яғни,
көлік қауіпсіз және сатылымға шығаруға болады деген. Бұл - өндірушілер үшін енгізілетін талап. Қарапайым тұрғындар үшін қауіптерді
мейлінше төмендетуге тырысамыз. Біз енді көліктерді
аулада немесе қалада ғана жүру үшін емес, олардың Кедендік Одақ аумағына
емін-еркін шығуын қамтамасыз етуіміз қажет.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ