Ертеңнен бастап астаналық жолаушыларды Франция автобустары тасымалдайды. Бүгін бас қала әкімдігі алдында Iveco компаниясы шығарған 59 жолаушы автобусы таныстырылды. Су жаңа автобустар соңғы үлгіде шығарылған, Еуро-5 стандартына сай. Ауаны ластау көрсеткіші өте төмен, газбен жүретін көлікке пара-пар көрінеді. Бейне бақылау камерасы да орнатылған. Сондай-ақ, автоматты пандустар жұмыс істейді.
Жаңа автобустар ертеңнен бастап 9 және 10-шы бағытта жүре бастайды. Жыл соңына дейін Еуропадан тағы 80 автобус келеді. Барлығы 358 қоғамдық көлік сатып алуға келісім жасалған. Жайлы автобустың бағасы да арзан емес. Әрқайсысы - 270 мың доллар тұрады.
Талғат Ардан, «Астана LRT» ЖСШ төрағасы:
Келісімшарт құны - 107 миллион еуро. Бұл халықаралық желі арқылы алынған несие. Жылына небәрі 2-2,5 пайыз үстеме төлеп қайтарамыз. Автобустарды сатқан Iveco компаниясы еуропалық «Комерцбанктен» осындай жеңіл несие алуға көмектесті.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ