Әлемдік мұнай экспорттаушы елдер ұйымы «қара алтын» бағасы баррелліне 40 доллар болған күнде де өндірісті қысқартпақ емес. Бұл туралы Біріккен Араб Әмірлігінің энергетика министрі Сухаиль әл-Мазруи мәлімдеді, деп жазды «Блумберг».
Сондай-ақ, Әл-Мазруи ОПЕК нарықтағы мұнай бағасына байланысты алдағы 3 айда ешқандай жиын өткізбейді деді. Бағаны реттеуге қатысты басқосу тек 6 айдан соң өтуі мүмкін. Осылайша ұйым мүшелері нарықтың өзін-өзі реттеуіне мүмкіндік беріп отыр. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы Абдалла Сәлем әл-Бадри де пікірін білдірді. Ол, «қара алтын» құны күтілген деңгейден төмен болса да, Парсы шығанағы елдері мұнай өндірісі мен барлау жұмыстарына инвестиция құюын жалғастыра беретінін айтады. Сондай-ақ, бас хатшы өндірісті үдету Ресей мен Иранға қарсы қабылданып отырған шара емес дейді.
Еске салайық, өткен жұмада Нью-Йорк саудасында Brent маркалы мұнай барреліне 62,90 доллар, ал WTI соңғы 4 жылда алғаш рет 58 доллар деңгейіне түсті.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ