АҚШ басшысы Барак Обама Ресейге қатысты жаңа санкцияларды әлі мақұлдаған жоқ. Бұған дейін ақпарат құралдарында, Барак Обама Ресей мемлекеттік корпорацияларына шектеу қою жайлы Конгресс әзірлеген заң жобасына қол қойды деген ақпар тараған-ды. Алайда бұл мәлімдемені Ақ үй жоққа шығарып отыр.
ТАСС-тың хабарлауынша, келеңсіздіктің орын алуына АҚШ мемлекеттік департаментінің хатшысы Джен Псакидің сөзі себеп болуы мүмкін. «РБК»-ның хабарлауынша, Псакиді стенографистер дұрыс түсінбеген. Псакидің «Обама құжатқа қол қойды» деп айтқаны рас.
Алайда, мәселе өзге құжатқа қатысты еді, дейді «РБК» өкілі. Қалай болғанда да, Ақ үйдің тағы бір өкілі Джош Эрнест Ресейге қарсы жаңа санкцияларды президент осы аптаның соңына қарай қабылдайды деген ойда.
Айта өтейік, АҚШ Конгрессі президент Обамаға Ресейге қатысты санкция енгізуге құзыр берді. Көктемде Ресейдің Қырымды қол астына алуы, өзге мемлекеттердің ашуын туғызды. Еуроодақ елдері Ресейге қарсы экономикалық шектеулер енгізді. Ресей де АҚШ, Австралия, Канада, Нигериядан келетін импорт көлеміне шектеу қойды.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА