Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі жарылыстан бүлінген екі қабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіруге жарамайды

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2014
  • 1188

Шымкенттегі жарылыстан бүлінген екі қабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіруге жарамайды. Мамандандырылған арнайы техникалық мекеме осындай ұйғарымға келді. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов айтты.

Еске салайық, Шымкенттегі Ақназар хан көшесіндегі 62-ші үйде сенбі күні жарылыс болды. Арты алапат өртке ұласқан. Сегіз пәтерлі баспананың төрттен бір бөлігі жанып кетті. Абырой болғанда адамдар аман. Оқиға орында жұмыс істеген мамандар оқыс жайтқа табиғи газ себеп болғанын растады. Жарылыс бірінші қабаттағы пәтердегі ас үйде болған. Үй иесі газ плитасын тұтатқан сәтте шығыпты. Тұруға жарамайды деп танылған үй ертеңнен бастап сүріліп тасталады.

Айта кетейік, қыс ортасында баспанасыз қалған сегіз отбасындағы жиырма үш тұрғын қауіпсіз жерге жайғастырылған. Қала билігі енді далада қалған отбасыларға баспана берілетін хабарлады.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Тұрғын үй бұл кісілердің иелігінде болған көлемнен кем берілмейді. Яғни, бұл мәселе ертең қалалық мәслихаттың келесі 2015 бюджетін нақтылау бекіту туралы мәслихаттың шешімі болады. Келесі жылдың бюджетіне біз осы азаматтарға немесе үй алып беру я болмаса, басқа жерде құрылыс болатын мәселелерді екі ай төңірегінде шешіп береміз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ