Байқоңырдағы алты мектеп пен балабақша Қазақстан білім жүйесіне көшті

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2014

Байқоңырдағы алты мектеп пен бір балабақша қазақстандық білім беру жүйесіне өтеді. Ресми Астана және Мәскеу осындай уағдаластыққа келді. «Тиісті құжатты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында екі елдің  білім және ғылым министрлері Аслан Сәрінжіпов пен Дмитрий Ливанов мақұлдады», - деп еліміздің Білім және ғылым министрлігі хабарлады. Осылайша, аталмыш білім мекмелелері енді қазақстандық оқыту бағдарламаларына сай жұмыс істемек.

Айта өтейік, Байқоңырда бас-аяғы 35 білім беру мекемесі бар. Қызылорда өңіріндегі Байқоңыр қаласы 2050 жылға дейін көршілес Ресей Федерациясына жалға берілгені мәлім. Бүгінде қала Ресей әкімшілігі мен Ресей құқық қорғау органдарының қарамағында. Біздің тараптан мұнда Президент және күш  құрылымдарының өкілдері бар. Ресми деректерге сай, қала халқы 73 мың адамға жетіп отыр. Оның 60% - қазақстандықтар, ал Ресей азаматтары саны - 37% шамасында.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА