Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер шет елдерде террористер қатарында соғысқан азаматтарға қатысты ортақ іс-қимылдар жөнінде келісім жасасты. Құжатта халықаралық лаңкестік топ сабында қақтығыстарға қатысып, ұйымға мүше елдер территориясына оралған азаматтарға қатысты біріккен іс-қимылдар қабылдау қарастырылады.
Мәскеуде өткен кеңес отырысында Таяу Шығыста жанданған «Аль-Каида», «Ислам мемлекеті» мен «Джабхат-ан-Нусра» ұйымдарына ерекше назар аудару сөз болды. Отырыста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының басты мақсаты - аймақтағы қауіпсіздікті нығайту және даму үшін бейбіт әрі тұрақты жағдайларды қамтамасыз ету», - деді. Қауіпсіздік ұйымының жиыны биыл Ресейдің төрағалығымен өтуде. Ал келер жылы төрағалық міндеті Тәжікстанға өтпек.
Айта кетейік, Мәскеудегі қауіпсіздік кеңесінде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан басшылары бас қосты.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ