Белгісіз газдан уланған Батыс Қазақстан облысындағы Берез ауылының тұрғындарын республикалық білікті мамандар тексеруде. Күні бүгін ауылдың 1240 тұрғыны медициналық жіті тексерілуден өткен. Зерттеу нәтижесі келер жылдың 20 қаңтарында шығарылмақ. Бұл жайында арнамызға облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
Басқарманың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, ауыл мектебінің оқушылары Ақжайық шипажайында денсаулықтарын түзеп жатыр. Бұған дейін бойында созылмалы сырқаты білінген ересектер, енді облыстың Жаңақала ауданындағы халықаралық оңалту орталығында ем-дом алуда.
Флюра Саматова, БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
Қазір республикалық мамандар мен облыс дәрігерлері тексеру жұмыстарын әлі жүргізіп жатыр. Алынған сынамалар республикалық лабораторияларға жіберіліп, терең зерттеледі. Саулығы сыр берген сырқаттар сол мекемелерде емделеді.
Айта кетелік, 28 қарашада Батыс Қазақстан облысындағы Берез ауылында жиырмадан астам оқушы сабақ үстінде әлсіреп құлап, ауруханаға түскен еді. Аяқ-қолы жансызданып, басы айналған олардың белгісіз газдан уланғаны расталды. Дәрігер көмегіне жүгінген 90 адамның қазір үшеуі ауруханада емделуде. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс те қозғалды. Тұрғындар бұған ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәласа, прокуратура да сол күні кеніште ауаға газ таралғанын анықтаған. Дегенмен, тексеру жұмыстары әлі жалғасуда.
Еркін КАРИН