Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің солтүстік аймақтарында күн райы күрт жылынып, шаһар көшелері көктайғаққа айналды

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2014
  • 1533

Еліміздің солтүстік аймақтарында күн райы күрт жылынып, шаһар көшелері көктайғаққа айналды. Әсіресе, Петропавл қаласында тайып құлап, қол-аяғын зақымдап алған тұрғындар саны көбейіп отыр. Ал, Қостанайда жаңбыр жауып, сынап бағанасы 3 градусқа дейін көтерілді. Синоптиктердің айтуынша, аптаның соңына қарай күн қайта суыта бастайды.

Күннің күрт жылынуынан Қызылжарда соңғы күндері түрлі жарақатпен ауруханаға жүгінгендердің қарасы екі есеге артқан. Жол апатынан жапа шеккендердің саны да көңіл көншітпейді.

Валерий Грибашев, Петропавл қалалық №3 ауруханасы травматология бекетінің меңгерушісі:

Аураханаға әдетте тәулігіне 12-15 адам түседі. Бірақ желтоқсанның 20-нан кейін көшеде көктайғақтан жарақат алғандардың саны 30-ға дейін жетті. Дәрігерлерге жүгінгендердің басым бөлігі қол-аяғын сындырған. Сондықтан тұрғындарды көшеде асықпай жүруге шақырамын.

Ауа-райының тосын мінезі Тобыл өңіріне айтарлықтай зардап әкелген жоқ. Қостанайда түнде сынап бағанасы 0 градусты көрсеткен. Күндіз жаңбыр жауып, ауа температурасы 3 градусқа дейін көтерілді. Көше бойындағы ақ ұлпа еріп кетті.  Күннің жылынуы қала орталығында қар мүсін жасап жатқан топтың жұмысын уақытша тоқтатты. Хас шеберлер туындыларын қымтап, еріп кетпеудің қамына кіріскен. Алайда кейбіреуі жаңбырлы күннің қар мүсін қалауға өте қолайлы  екндігін айтады.

Дмитрий Шалунов, Қостанай қалалық көркем өнер мектебінің мұғалімі: 

Ауа ылғал болса, қар оңай жабысады. Күннің жылынуы жұмысымызды жеңілдетті. Қардан мүсін жасау үшін, өте қолайлы болып тұр.

«Қазгидромет» мамандары, күн райының күрт жылынуы бес жылда бір рет  қайталанып тұрады, дейді. Бірақ бұл құбылыс ұзаққа созылмайтынын ескертті. Аптаның соңына дейін ауа температурасы төмендегенімен, қайтадан суыта бастайды. 

Валентина Загребина,  «Қазгидромет» РМК Қостанай филалының  метеоболжау бөлімінің басшысы:

Ауа райының жылынуы батыс аймақтардан бастау алды. Сосын солтүстік-батысқа ауысты. Бұдан кейін Солтүстік Қазақстанды қамти отырып, шығыс жаққа ауып кетеді. Сол өңірде жаңбыр жауып, көктайғақ болады деген болжам бар.

Кешелі бері Қостанайға көктем келгендей, күн жылы. Көктен жауған нөсерден тек көгершіндер зардап шегуі мүмкін. Бейбіт құсы қанатын қайда кептірерін білмей дал. Күн кенеттен суытса, қанаттыларға қатер төнері қақ.

Заңғар САНАЙ