Ақтөбелік үш жігіт алаяқтық жолмен бірнеше тұрғынның қаражатын иемденген. Олар халыққа жаңа шағын аудандағы үйлерден шаршы метрін 75 мың теңгеге пәтерлер ұсынған. 29 бен 36 жас аралығындағы 3 адамнан құрылған топ жалған серіктестік ашып, кеңсе де жалдаған көрінеді.
Прокурорлардың сөзіне қарағанда, күдіктілер ақтөбелік алты тұрғыннан 38 млн теңге жымқырып үлгерген. Оңай олжаға құныққан алаяқтардың әрекеті тұрғындарды едәуір шығынға батырды. Сан соғып қалған жәбірленушілер құқық қорғаушыларға арызданған. Қазіргі таңда қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа жолданды.
Индира Сейітқасымова, Ақтөбе облыстық прокуратурасы II басқармасының аға прокуроры:
Осы тұлғаларға қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылып, ҚР ҚК 177-бабының 4-ші бөлімінің «а», «б» тармақтарымен айыптар тағылды.
Мансұр ЕСҚОЖИН