Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның 2015 жылғы экономикалық саясатының негізгі бағыттарына арналған құжатта өзге де маңызды тұстар қамтылды

  • AstanaTV
  • 25 желтоқсан 2014
  • 1773

2015 жыл Қазақстан экономикасы үшін тәуекел жылы болмақ. Бұған сыртқы экономикалық үрдістердің әсері себеп. Бұл туралы Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесінде айтылды.

Қазақстанның 2015 жылғы экономикалық саясатының негізгі бағыттарына арналған құжатта өзге де маңызды тұстар қамтылды. Экономикалық өсуді қолдау үшін Президент бастамасымен Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінген. Осы қаржы шеңберінде 2015 жылы 500 млрд теңге мөлшеріндегі екінші транш шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша жеңілдетілген несие беруге бағытталады. Банк секторын сауықтыруға да қаржы қаралмақ. Арнайы экономикалық аймақтардың және «EXPO-2017» көрме нысандарының құрылысы қаржыландырылады.

Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге 13 млрд 500 млн АҚШ доллары сомасына шағын-орта бизнесті, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, жол салу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласындағы жобаларды іске асыру басталады. Оның ішінде 9 млрд АҚШ доллары халықаралық қаржы ұйымдары есебінен қаржыландырылады. Доллармен алынған қарыздар бойынша борыштық жүктеме төмендетіліп, бизнестің белсенділігінің тоқтатылуына жол берілмейді.

Халықаралық қаржы институттарынан қарыз тартуды жеделдету арқылы ШОБ-ті ұлттық валютада кредиттеуді жүзеге асыру жалғасады. Макроэкономикалық тұрақтылық ақша-несие және салық-бюджет саясаты мен инфляция деңгейін 6-8% дәлізінде ұстап тұру есебінен қамтамасыз етіледі, делінген Премьер-министрдің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Базаркүл ОТЫНШИЕВА