Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің тұғырын нығайту жолдарын қарастыруда

  • AstanaTV
  • 25 желтоқсан 2014
  • 1370

Тауар мен қызмет бағасын доллармен белгілеуге тыйым салынады. Ал теңгесін банкте сақтаған салымшыларға депозиттердің кепілдік  сомасы енді 5 млн емес, 10 млн теңге болмақ. Есесіне, доллар түріндегі депозит  сыйақысының  мөлшерлемесі  3 пайызға дейін азайтылады. Үкімет пен Ұлттық банк төл теңгеміздің тұғырын нығайта түсу үшін, осындай қадамға барды.

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банкінің экономикалық саясаттың 2015 жылға арналған  бағыттары жөніндегі бірлескен мәлімдемесінде осы жәйттер қамтылды. Бұл жөнінде Премьер-министрдің ресми сайты хабар таратты. Сондай-ақ, мәлімдемеде девальвация ықтималдығын болдырмау шаралары туралы айтылған. Яғни ұлттық теңгеміздің айырбас бағамының күрт ауытқуына жол берілмейді. «Валюталық нарықта алып-сатарлықты шектеу шаралары енгізіледі. 2015 жылы Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп қолма-қол шетелдік валюта нарығында айырбастау пункттеріне қатысты талаптарды күшейту жөнінде заңға ұсыныс енгізбек», - делінген осы мәлімдемеде. 

Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге 13 млрд 500 млн долларға шағын-орта бизнесті, тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту, жол салу, энергия көздерін дамыту  жобаларын іске асыру басталады. Оның 9 млрд доллары халықаралық ұйымдар есебінен қаржыландырылады. Доллармен алынған қарыздар бойынша борыштық жүктеме төмендетіліп, бизнестің белсенділігінің тоқтауына жол берілмейді. «Халықаралық қаржы институттарынан қарыз тартуды жеделдету арқылы ШОБ-ті ұлттық валютада кредиттеуді жүзеге асыру жалғасады. Макроэкономикалық тұрақтылық  ақша-несие және салық-бюджет саясаты мен инфляция деңгейін 6-8 % дәлізінде ұстап тұру есебінен қамтамасыз етіледі», - делінген, Премьер-министрдің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ