«Есімдері мәңгі өшпейді». Бүгін еліміздің шекарашылары Шымкент түбіндегі әуе апатында қаза тапқан әріптестерін еске алды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің барлық бөлімшелерінде қаралы жиындар өтті.
Еске салайық, 2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент маңында әскери ұшақ апатқа ұшырады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі АН-72 маркалы әуе көлігі шаһардан 20 шақырым қашықтыққа құлаған. Әуе апатынан ұшақ бортында болған 20 шекарашы мен экипаждың 7 мүшесі түгелдей қаза тапты. Марқұмдардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі директорының міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбеков те болды. Сондай-ақ оның зайыбы және «Оңтүстік» аймақтық шекара басқармасының бірнеше басшылары да қайғылы апаттан көз жұмды.
Кейін осы апатқа әуе диспетчері кінәлі деп танылған. «Казаэронавигация» компаниясы Шымкент филиалының қызметкері Қанат Ақылбековке «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлігі қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы негізінде айып тағылды. Сот оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал осы жазда жауапкердің апелляциялық шағымы негізінде жаза мерзімі екі жылға қысқарды.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА