Миллиардтаған қаржының игерілмей қалғанын Алматы облысы әкімінің орынбасары болмашы ғана кемшілік деп есептейді. Бүгін Есеп комитеті республикалық бюджеттен бөлінген қаржының игерілуі бойынша осы өңірде жүргізілген тексеріс нәтижесін жариялады. Барлығы 23,3 миллиард теңгеге заң бұзушылық деректері анықталған. Оның 2,7 миллиарды тиімсіз жұмсалыпты.
Тексерістен кейін 2,8 миллиард теңге республикалық бюджетке кері қайтарылды. Тиімсіз жұмсалған қаржы Үштөбе қаласында кәріз жүйесін тартуға жұмсалған. Нысан салынған. Бірақ қазір халық пайдасына аспай текке тұр. Өйткені құжаттары түгел емес. Қаражатты тиімсіз жұмсау фактілеріне денсаулық сақтау және құрылыс салаларында да жол берілген. Есеп комитеті өкілдері, бұған жол бергендер жауапқа тартылады, дейді. Ал, Алматы облысы әкімінің орынбасары бүгінгі жиыннан соң кемшіліктерді жоюға уәде берді.
Махаббат Бигелдиев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
Ақшаның бюджеттен берілген көлеміне тыс игерілуі, ақшаны мақсатсыз пайдалану жоқ. Ондай күрделі кемшілігіміз жоқ. Бірақ бүгін осы отырыста өзіміздің қай бағытта жұмыс істеуімізді, қандай кемшіліктерді қай бағытта жою керектігін түсіндік.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ