Электр желілеріне қатқан мұздың кесірінен Батыс Қазақстан облысында бірнеше ауылдағы 8 мың тұрғын әлі күнге жарықсыз отыр. Жыл соңына дейін бұл елді мекендерге жарық берілер-берілмесі екі талай. Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компания 19 ауыл қараңғы құшағында отырғанын хабарлады. Қазір бұл аймақта жөндеу бригадалары электр желісін мұздан тазартып, сынған электр бағандарын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, - деді.
Қайрат Әбуов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
Қазір облыс аудандарында 4 адамнан жасақталған 35 бригада жұмыс істеуде. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жауапты сала басшыларына жұмыс қарқынын тездетуге тапсырма берді. Өйткені алда келе жатқан мерекені азаматтарымыздың қараңғыда қарсы алғаны - бізге де сын. Облыстағы электр желілері ескірген, әрі ауа райының құбылуы жағдайдың қиындауына себеп болып отыр.
Дегенмен, облыстың Сырым, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау және Ақжайық секілді бес ауданында әлі жарық жоқ. Ал құлаған электр бағандарының саны 900-ден асыпты. Осыған дейін хабарлағанымыздай, 19 желтоқсаннан бері Батыс Қазақстан облысында жаңбырдың кесірінен электр сымдарына мұз қатып, 30 мыңнан астам отбасы жарықсыз қалған еді. Артынша облыс аумағында төтенше жағдай жарияланды. Мамандар бұндай жағдай жыл сайын қайталанатынын айтып, даурыққан жұртты жұбатудан шаршар емес.
Еркін КАРИН