Индонезияда ұшты-күйлі жоқ болған явандық Air Asia ұшағын іздестіру жұмыстары жалғасуда. Жексенбі күні түнде іздестіру операциясы тоқтатылған еді.
«Рейтерс» агенттігінің хабарлауынша, жоғалған авиалайнерді іздеуге 12 кеме, үш тікұшақ, бес әскери ұшақ жұмылдырылды. Малайзия, Австралия, Сингапур және Оңтүстік Корея елдері де іздестіру жұмыстарына қатысуда.
Air Asia әуе компаниясының Сурабаядан Сингапурға бет алған Airbus A-320 ұшағы 28 желтоқсанға қараған түні жоғалды. Бортында 155 жолаушы мен экипаждың жеті мүшесі болған. Индонезия іздеу-құтқару қызметінің өкілі ұшақ бағытын өзгерткен кезде теңізге құлады деген болжам жасап отыр. Ұшқыш соңғы рет диспетчерден бағытты өзгертуге рұқсат сұраған соң ұшақ радар экранынан ғайып болды.
Ал, Малайзия көлік министрлігі, ұшаққа отын жетпей қалуы мүмкін, деп санайды. Авиакомпания басшылары ұшақ апаты жайлы ресми ақпарат таратуға дайын емес. Олар жексенбі күні кешке жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ұлттық құрамын анықтады. 149 адам индонезиялық, бір сингапурлық, бір малайзиялық, Оңтүстік Кореяның үш азаматы мен бір ағылшындық болған. Экипаж құрамында 1 француз, алты Индонезия азаматы бар.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА