НАТО мен АҚШ Ауғанстандағы миссиясын ресми түрде аяқтады. Осыған орай, Ауғанстанда альянс күштерінің салтанатты рәсімі өтті. Алайда, лаңкестік әрекеттерден қауіптеніп, сақтық шараларын көздегендіктен, шара құпия түрде өткізілді, деп хабарлайды «Рейстерс».
Енді бұл елдегі қауіпсіздікке 350 мың ауғандық сарбаз бен полицей жауапты болмақ. Дегенмен, оларға тәлімгер ретінде 13 мыңдай НАТО әскерилері көмектесіп отырады.
Батыс әскерилері құрамының басшысы Джон Кэмпбеллдің айтуынша, миссия алдына қойған міндеттерін толығымен орындады. Бірақ шығынсыз емес. 13 жыл ішінде қауіпсіздікті орнатушы халықаралық күштер 3,5 мың әскериін жоғалтқан. Оның екі мыңнан астамы - Америка азаматы. Алайда сарапшылар өзге пікірде. Олардың ойынша, НАТО мен АҚШ Ауғанстан жерінде тәртіп орната алмады.
Джон Кэмпбэлл, Батыс әскери контингентінің басшысы:
Бұл күн бір дәуірдің аяғы және келесі дәуірдің басы ретінде есте қалады. Бүгін НАТО өзінің әскери міндетін аяқтайды. 13 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жеттік,біршама адамдарды да жоғалттық. Біз Ауғанстанды қараңғы қапастан алып шығып, болашаққа үміт бердік.
Айгүл ӘДЕПБАЙ