Қарағандылық соғыс ардагерлері Елбасының құттықтау хатын алды. Нұрсұлтан Назарбаевтың хатында келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне және Жеңістің 70 жылдық мерейтойына байланысты ізгі тілегі жолданған. Ерекше сыйды қарияларға облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жеткізді.
90 жастағы майдангер Қамали Дүйсембеков Президент құттықтауын аймақта бірінші болып алды. Қария соғысқа 17 жасында аттанған. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысып, Украинаны азат етуге ат салысады. 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне де қатысқан. Көптеген марапатының арасында үш «Даңқ» ордені, «Отан соғысы» және «Құрмет» ордендері бар. Майдангер елдегі саясатқа қанық екенін, үнемі ел ағаларын қолдап жүретінін жеткізді. Мемлекет басшысына ерекше құрметі мен қамқорлығы үшін алғыс білдірді. Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған ардагерлерді қолдаудың жалпыұлттық акциясы облыстың барлық аудан-қалаларын қамтиды. Елбасының хаты Қарағанды өңірінде тұратын 377 ардагерге табысталмақ.
Қамали Дүйсембеков, Отан соғысының ардагері:
Бүгін бізді елеп, арнайы хат жіберіп, сәлемдесуінің өзі - ол кісінің даналығы, халықты ойлайтындығы. Еліміз, халқымыз Президентпен бірге. Халқымызға амандық, мол байлық, Президентімізге денсаулық тілеймін. Рахмет.
Жалпыұлттық акция Оралда да жалғасын тапты. Облыс, қала, аудан әкімдері майдангерлерді құттықтап, Елбасының жаңа жылдық сыйлығын табыстауға кірісті. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаладағы бірқатар ардагерлердің шаңырағында болды. Отан үшін от кешкен қарт жауынгерлерге тарту-таралғы жасады. Желтоқсанның 26-сы мен 30-ы аралығанда еліміздегі 5 115 майдангердің барлығы құрметке бөленеді. Жастық жылдарын майдан даласында өткізген жандарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы құттықтады. Келер 2015 жылы Жеңіс туының желбірегеніне 70 жыл толады. Ал ТМД аумағында бұл жыл Ардагер жылы аталмақ.
Айжан ҚУАШ