Павлодардың іргесіндегі Кенжекөл ауылындағы үйлердің біразы жарыққа қосылды. Облыс орталығына қарасты осы елді мекен тұрғындары жылдар бойы электр желісін тартқыза алмай жүрген еді. Бұл жөнінде жаңалықтарымызда айтылды. Қазір белгілі болғандай, жарықсыз отырған 30-ға жуық үйдің басым бөлігіне өркениет тетігі жеткен.
Зейнеткер Майра Орынбаева Кенжекөл ауылына 2006 жылы көшіп келген. Қалаға жақын болғандықтан, осы жерден жер телімін сатып алып, үй салады. Бірақ отбасы сегіз жылға жуық жарықсыз өмір сүрген. Әсіресе қысты күндері жағдай ауырлай түсетін деп еске алады. Бұл тауқыметті Майра әжей көршілермен бірге көргендіктен, шыдап келген. Үйге электр желісінің тартылғанына төрт айға жақындады. Бұл игілікке шаңырақтағы үлкен де, кіші де риза.
Майра Орынбаева, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
Сегіз жыл жарықсыз тұрдық. Бармаған жеріміз қалмаған еді. Енді ғана дегенімізге қол жеткіздік. Бұған сіздердің де үлестеріңіз бар. Маусым айында түсіріп, теледидардан шығардыңыздар. Содан кейін мәселе бірден облыс әкімінің құлағына жеткен болу керек, тамыздың соңында бізге тоқ берілді.
Екі баланың анасы Зейне Елімбаева болса, көптен күткен қуаныштан қағылған отбасылардың бірі. Ауылдағы бес трансформатордың біреуі құлап, екіншісі жанып кетіп еді. Соның салдарынан Елімбаевтер отбасына күзде жарық берілмеген. Алайда, біздің тілшілер Кенжекөлдегі жағдайды сұрап, әкімдікке хабарласқанда, оның мәселесі бірден шешілді. Түсіру тобы жеткенше, жергілікті билік бұл үйді жақын маңдағы нысанға қосып жатты.
Зейне Елімбаева, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
Благодаря вам и вашим усилиям, у нас пошли сдвиги, и та сторона сидит со светом. Енді, құдайға шүкір, міне свет болады. Кешке ойлаймыз, светпен отырамыз бала-шағамызбен.
Ерікбай Дүкенбаев, Кенжекөл ауылы әкімдігінің бас маманы:
Күзде үш КТП қосылды. Светпен жарықтандырылды деп айтуға болады. Мұнда 2-3 үй қалған. Қазіргі уақытта сол мәселе шешіліп отыр. Ол ТКП ремонтта тұр. Уақытша басқа КТП-дан жарықты қосып отырмыз.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ