Жаңа жыл күні тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс кестесіне көшеді

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2014

Қазақстанда 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында полиция күшейтілген тәртіпте қызмет атқарады. Жаңа жыл мерекесі күндері елордада қоғамдық қауіпсіздікті мыңға жуық құқық қорғаушы қадағалайды. Әсіресе көңіл көтеретін орындар, дәмханалар мен түнгі клубтар сақшылардың басты назарында болмақ.

Арман Айтыбеков, Астана қаласы ІІД ӘҚББ бөлім бастығы:

Жаңа жыл және Рождество мерекелеріне орай ішкі істер құрылымдарының қызметі күшейтілген тәртіпке көшпек. Ұлттық гвардияның әскерлері тартылады. Қоғамдық қауіпсіздік сақтау мақсатында арнайы жедел-тергеу топтары құрылды. Жай күндері қалаға тәулігіне 500-600-дей полиция қызметкері шығады. Ал бұл күндері мыңға жуық құқық қорғаушы қызмет етпек. 

Жаңа жылдық мерекені елордалықтар ерекше атап өтпек. Қалалық мәдениет басқармасы жетекшісінің айтуынша, бұл күні арнайы бағдарлама бойынша отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Тағы бір ерекшелігі - биылғы от шашу. Ол бір емес, бір мезетте үш жерде атылады деп жоспраланып отыр. 

Нарима Мұхамбеталина, Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы:

Биыл болатын 31-інен біріне берілетін от шашу ерекше болады. Өйткені ол тек бір жерде өтпейді, үш жерде өтеді. Онымыз Конгресс-холлдың артындағы Есіл жағалауында болады. Және де Хан шатырдың алаңында болады. Үшінші жеріміз - Абылайхан мен Пушкин қилысында. Сондай іс-шараларымыз. 

Ал «Қазгидромет» мамандары мереке күндері ауа райы күрт өзгеретінін болжауда. Деректерге сенсек, қаңтардың 31-і күні Қазақстанның басым бөлігінде күн суытып, қар жауады. Солтүстік, Орталық және Шығыс өңірлерде ауа температурасы -21 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Әлия Оспанова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде циклонның өтуіне байланысты, сонымен қатар, атмосфералық фронттың әсерінен қар жауады. Бұрқасын байқалып, желдің жылдамдығы күшейе түседі. Еліміздің батыс өңірінде -5, - 10, кей жерлерде 13 градус аязды құрайды. Ал оңтүстікте 8 градус аязға дейін төмендейді. 

Жұрағат БАМАН