Астана халықаралық әуежайында ұшып келуі тиіс 8 ұшақ пен қонуы тиіс 6 рейс уақытынан кешігіп жатыр. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады. Бөгеліп жатқан ішкі рейстердің көбі Қызылорда бағытымен байланысты. Өйткені аймақты қалың тұман басқан. Сондай-ақ, Абу Даби мен Лондонға ұшатын рейстер кешігуде. Ал бүгін Франкфуртке ұшатын рейсті «Люфтганза» әуе компаниясы мерекеге байланысты кейінге шегергенін хабарлады.
Сондай-ақ, Алматыда қалың тұманның кесірінен 10 рейс тоқтатылды, 5 рейстің ұшатын уақыты кейінге шегерілді. Бұл туралы ақпарат Алматы халықаралық әуежайының сайтында жарияланды. Нақтыласақ, Алматыдан Мәскеу мен Көкшетауға ұшатын екі рейс кейінге қалдырылған. Дубай, Үрімжі, Франкфурт және Алматы-Астана бағытындағы 3 рейс тоқтатылды. Өскемен, Астана, Куала-Лумпурдан Алматыға келетін, Франкфурттан Алматыға келуі тиіс 3 рейс шегерілді. Ұшу режимі тұман сейілген соң қайта қалпына келтіріледі.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ