Елдегі ауа райына кезек берсек. ІІМ-нің ТЖ комитеті таратқан ақпаратқа сай, Қазақстанның төрт аймағында бұрқасын салдарынан кешелі-бері жолдар жабық. Атап айтар болсақ, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында көліктің барлық түріне шектеу қойылған. Сондай-ақ, Қостанай облысында да қатты боран салдарынан бірнеше бағыттағы автокөлік жолдары жабылды.
Желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 20-25 метрге жеткен. Төтенше жағдай мамандары, ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен адам жоқ,-деп мәлімдеді. Синоптиктер, ақ түтек бұрқасынның дәл бүгін басылмайтыны жөнінде болжам жасап отыр.
Сондықтан төтенше қызмет өкілдері облыс тұрғындарын алыс жолға шықпауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Құтқарушылар:«боран бәсеңдегенше күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, жағдайды толық бақылауда ұстауға тырысамыз», - дейді.
Зәмзәгүл Айдарбекқызы, Қостанай облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
Қостанай облысының 7 ауданында қазір құтқару операциялары жүргізіліп жатыр.14- қаңтарға да жаңағы синоптиктердің болжамымен дабылды ескерту жарияланып, кейбір жерлерде желдің жылдамдығы секундына 20-23, күндіз секундына 15-20- ға дейін күшейетіндігі туралы айтылып, хабарланды.
Заңғар САНАЙ