Русский Сайттың толық нұсқасы

Атом электр стансасының нақты қай жерде салынатыны туралы шешім әлі шыққан жоқ

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2015
  • 1184

Атом электр стансасының нақты қай жерде салынатыны туралы шешім әлі шыққан жоқ. Және мұндай шешім көпшіліктің талқылауына түскен соң ғана қабылданады. Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев осылай деп мәлімдеді.

Мәжіліске келген вице-министр «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістерді таныстырған. «Әзірге екі алаң қарастырылып жатыр»,- деді ол. Оның бірі Семей сынақ алаңы аймағындағы - Курчатов қаласы, екіншісі - Балхаш көлінің оңтүстік-батыс бөлігі. Аталмыш екі алаң туралы бұған дейін де талай айтылған. Бірақ орынға қатысты нақты шешім жоғын вице-министр тағы қайталады. Курчатовтағы стансаны салу туралы Ресеймен арадағы келісім туралы мәліметті де Бақытжан Жақсалиев, әлі қаралып жатыр, деп қайырды.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Ресей Федерациясымен ешқандай келісім жасалған жоқ. Мен мұны жауапты түрде мәлімдеймін. Әзірге келісімнің жобасы ғана бар. Қазақстан мен Ресей арасында атом электр станциясын салу туралы келісім жобасы мемлекеттік органдардың қарауында. Ресей тарапынан да ол қаралып жатыр. Келіссөздердің келесі бөлімі қаңтар айының аяғында болады.

Ресей тарапы дағдарысқа қарамастан, Қазақстандағы атом стансасының құрылысына әлі қызығушылық танытып отыр ма? Осы сұраққа Бақытжан Жақсалиев дағдарыстың бір кезде аяқталатынын, ал жұмыстың жалғасу керектігін айтты.

Ал осы тұста «Қазатомпром» басшысы Нұрлан Қаппаров Қазақстанда екі атом электр станциясының салынатыны туралы «Капитал.kz»-ке берген сұхбатында айтқан. Десе де, Росатоммен әлі нақты келісім жоқ көрінеді.

Нұрлан Қаппаров, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ бастығы:

Қазақстанда екі атом электр стансасын салу туралы шешім қабылданды. Оларды Курчатов пен Балқашта салады. Курчатовта әріптесіміз «Росатом», ал Балқаш бойынша ашық конкурс әлі жүріп жатыр. Әзірге шешім қабылданған жоқ.

Жаңа заң жобасы талқыланған жиында атом қалдықтарының Семей полигонында көмілетіні белгілі болды. Осы орайда депуттар, Қазақстан атом қалдықтары көмілетін қоқыс алаңына айналып кетуі мүмкін, деген алаңдаушылығын білдірді. Бақытжан Жақсалиев сонымен қатар қауіпті нысандардың қоршаған ортаға тигізер залалы туралы ақпараттың құпия еместігін айтты. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ