Сауд Арабиясы королі Абдалла бен Әбдел Әзиз Әл Сауд қайтыс болды. Жасы 90-нан асқан басшы «өкпе дертінен» көз жұмған. Өткен айда король Эр-Риядтағы ауруханалардың біріне жатқызылған еді.
Абдалла Сауд Арабиясының алғашқы билеушісі Абдул-Әзиз екіншінің әулетінен шыққан. Мекке қаласының мэрі, ұлттық гвардияның қолбасшысы, сондай-ақ, премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
1982 жылдан бастап тақ мұрагері атанып, 2005 жылы ағасы Фахд өлген соң таққа отырды. Абдалла король тұсында бірқатар демократиялық заңдар қабылданды. Мәселен, ол 700-дей адамнан тұратын король әулетінің мемлекеттік қазынадан ақша жұмсауына тиым салды.
Енді король тағына Салман ибн Абдул-Әзиз Әл Сауд отырады. Айта кетейік, корольдің өлімі жайлы хабар нарыққа да әсер етті. WTI маркалы мұнай құны барреліне бірден 47 долларға көтерілді - деп, Рейтерс агенттігі хабарлады.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА