Балалы әйелді қағып кеткен Павлодарлық тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2015

Балалы әйелді қағып кеткен Павлодарлық тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Облыстық Ішкі істер департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, күдіктіге 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Және, қоғамдық жұмыстар немесе 75 тәулікке қамау жазасы кесілуі ықтимал. Дегенмен, жәбірленушіге тағайындалатын сот-медициналық сараптамалардың қорытындысы бұл бапты өзгертуі де мүмкін,- дейді тәртіп сақшылары.

Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Жәбірленуші әйел ауруханадан шыққаннан кейін, әбден сауығып болғаннан кейін, оған сот медициналық сараптама тағайындалады. Ол сот медициналық сараптамасы бойынша ол әйелге жеңіл жарақат келтірді деген қорытынды болса, онда бұл қылмыстық іс қысқартылады да, жүргізуші әйелге әкімшілік іс қозғалады.

Оқиға қаңтардың 21-інде болды. Қаладағы екі көшенің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан әйелді, шетелдік көлік қағып кетті. Жас анамен бірге арбадағы сәбиі де болған. Жәбірленушілерге көмек көрсетудің орнына жүргізуші жылдамдыққа басып, ізін суытады.

Бұл жайт басқа көліктің видеотіркегішіне жазылып қалады. Абырой болғанда анасы да, алты айлық сәби де аман. Бірақ, алған жарақаттарына байланысты әйел адам ауруханаға жатқызылған болатын.

Шұғыл іздестіру шарасы барысында полицейлер жол көлік апатын жасаған азаматты анықтады. 42 жастағы әйел Павлодар қаласының тұрғыны. Оқиға орнынан қашып кету себебін ол «шошып қалғанымен» түсіндірген.

Әсем МҰХИТОВА