Қытай «юаньі» канадалық долларды ығыстырып, әлемдегі ең көп қолданылатын валюталардың бестігіне кірді. Бұны SWIFT есеп айырысу жүйесінің қорытындысы көрсетіп отыр, деп хабарлайды Интерфакс агенттігі.
Bloomberg сарапшыларының пікірінше, Халықаралық валюта қоры енді юаньді резервтік қорлардың қатарына қосуы мүмкін. Тек былтырғы жылдың желтоқсанында, қытай валютасы әлемдегі есеп айырысудың 2,17 пайызын құрап, тарихи рекорд орнатты.
«SWIFT» өкілдерінің айтуынша, бұл - юаньнің әлемдік аренада өз орнын жеңіп алғандығының белгісі. Жалпы, ең көп таралған валюталардың ішінде АҚШ доллары әдеттегідей топ жарса, кейінгі орындарда британдық фунт-стерлинг, еуро және жапондық йен орналасқан.
Абзал ҚҰРМАНКИН