«Қазпошта» өзінің әлеуметтік-саяси міндеттерін сезінбей отыр. Ұлттық оператор ауыл - «Қазпошта» қызметіндегі біраз кемшіліктерді жіпке тізіп, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке сауал жолдады.
«2013 жылы «Қазпошта» кірістері 2012 жылмен салыстырғанда 14% - ға өсіп, 30,8 млрд теңгені құраған. Акционерлік қоғамның таза табысы үш жыл қатарынан өскен. «Десе де пошта басшылығы жұмсалған шығынның ақталмауы туралы айтып, үнемі субсидияға сұрайды да отырады»,- дейді депутат.
«Сондай-ақ, өңірлерде пошташылар өз жұмысы үшін 5 мыңнан 15 мың аралығында жалақы алса, орталық аппараттағыларға 10 есе жоғары айлық төленетініне тоқталды. Оған қоса, ұлттық оператор қызметкерлері тарапынан жасалған заң бұзушылықтар жыл сайын артып келеді»,-деді.
Мәселен, Орал қаласында мүгедек балалар шотынан ақша ұрланса, Ақтауда пошта қызметкерлері сәлемдемелерді ашып, өздеріне ұнаған заттарды алғандары тіркелген. Тұртаевтың айтуынша, «Негізгі проблема - тиімсіз менеджментке келіп тіреледі».
Алмас Ұзақұлы Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол" ҚДП фракциясының мүшесі:
«Қызметтер құны кезеңді артқанымен, қызметтер сапасы жақсарған жоқ, яғни хат-хабарлар Астана және Алматы қалаларына 2-3 күнге, облыстарға 7 күнге кешеуілдеп жеткізіледі. Өңірлерде интернет дамымағанын, жұртшылық әлі күнге дейін газет оқитынын ескерсек, онда «Қазпочта» АҚ өзінің әлеуметтік-саяси міндеттерін әлі сезінбей келеді».
Мөлдір ДЮСЕКИНА