Русский Сайттың толық нұсқасы

ЭКСКЛЮЗИВ: Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын Қытай компаниялары салуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2015
  • 1688

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын Қытай компаниялары салуы мүмкін. Ірі жобаны тараптар Астанада өткен қазақ-қытай бизнес форумы аясында талқылады. Бұл туралы біздің арна тілшілеріне Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов мәлімдеді.

Зауыт салуға лайықты аймақтар ретінде үш облыс ұсынылған. Бірақ ең қолайлысы - Маңғыстау облысы деген пікір басым. Мұнан бөлек, Қытай тарапы мыс қорыту зауытының құрылысын да қолға алуы мүмкін. Нақты шешім жақын арада белгілі болады.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Қосымша тағы 30 шақты жобаны талқыладық. Оның ішінде мыс қорыту зауыты мен мұнай өңдеу зауыттарының құрылысы бар. Әзірше кеңесіп жатырмыз. Нақты шешімге келесі аптада келетін шығармыз. Әлі ақылдасамыз.

Форум аясында инвесторлар Қазақстанмен арада визасыз барыс-келіс орнатуды сұрады. Бұл мәселені Қытай түсті металлдар компаниясының вице-президенті Цинь Мандзюн көтерді. Айтуынша, виза рәсімдеудегі қиындықтар - ірі жобаларды уақытылы іске асыруға кедергі. Бұған қоса қытайлықтар жергілікті инженер мамандардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Аталмыш компания Қазақстанда миллиардтаған доллар тұратын ірі жобаларды іске асырған. Соның бірі - Павлодар облысындағы алюминий комбинаты құрылысы. Қазір мұнай өңдеу зауытымен бірлескен жобаны іске асыруда. Баршакөлде мыс өңдеу зауыты құрылысы да қолға алынған. Тап осы қытайлық компания болашақта кен орындарын барлауға да қызығушылық танытып отыр.

Цинь Маньдзюн, Қытай түсті металлдар компаниясының вице-президенті:

Инвестициялық жобалар шеңберінде 30 жетекші кәсіпорын өкілдеріне «жасыл дәліз» ашуды ұсынамын. Бұл барыс-келісті жеңілдетіп, ірі жобаларды уақытылы іске асыруға сеп болады деп ойлаймыз.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ