Құс шаруашылығымен айналысатын жергілікті фабрикалар көршілес Ресейден келетін құс еті мен өнімдеріне шектеу қою ұсынысын қуана қолдап отыр. Өйткені нарықтағы бәсекелестікке әзір дайын емес.
Атыраудағы құс фабрикасының басшылығы осындай пікірде. Оның бірнеше себебін де түсіндірді. Мысалы, құс жемінің өзі Ресейден тасымалданады. Ал көршілес елдің Қазақстанға қоятын бағасы тым жоғары, оның үстіне делдалдар арқылы сатып алуды ұсынса керек.
Сондықтан отандық өнімнің өзіндік құны Кеден одағы бойынша басқа серіктестер тауарына қарағанда әлдеқайда қымбатқа шығады. Еске салайық, жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері Ресейдің бірқатар импортын, оның ішінде құс етін де шектеу мәселесін ресейлік тараппен талқылап жатқанын мәлімдеген.
Мұрат Нақпаев, «Жігер» ЖШС құрылтайшысы:
Жақсы хабар. Өйткені өзіндік құны төмен болады. Бізде өзіндік құн жоғары. Себебі құс жемдерінің негізгі компоненттері Россиядан шығарылады. Шетелден шығады. Бізден шықпайды. Балапандардың өзінің бөлек кормасы бар. Қазақстанда шықпайды. Краснодар бізге басқа баға қояды, өздеріне баға фиксированный баға. Және тікелей емес, делдалдар арқылы алыңдар дейді. Бізде Көкшетауда зауыт ашты Көкшетауда кормовой. Бізге алыс, әрі қымбат.
Кеше аталған фабриканың жұмысымен танысуға Атырауға жұмыс сапарымен келген ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев пен ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник бас сұқты. Жылына 30 млн жұмыртқа шығарады деп күтіліп отырған кәсіпорында әзірге 57 мың балапан өсірілуде.
Алғашқы өнімді сәуір айында берілу жоспарланып отыр. Ал астаналық делегаттар бүгін таңертең «Ұлттық индустриалдық мұнай-химиялық технопарк» Еркін Экономикалық аймақ аумағына барды.
Сол жерде министрлер «Полимер Продакшн» компаниясының полимер өндірісімен танысты. Түстен кейін облыстық әкімдікте жергілікті мазмұнды дамыту бойынша форумға қатысып, меморандумдарға қол қою күтілуде.
Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ