Қазақтың қабырғалы жазушысы, аудармашы Герольд Бельгер өмірден озды. Әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан қаламгер өз ғұмырында 60-тан астам кітап пен 2 мыңға жуық әртүрлі мақалалар жазған.
Автор қазақтың классикалық туындыларын орыс және неміс тілдеріне аударды. Бейімбет Майлин, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен өзге де танымал жазушылардың шығармаларын аударма арқылы әлемдік әдебиет шыңына жетеледі.
Герольд Бельгер Қазақстанның «Парасат» орденінің иегері. Жазушы Ресей Федерациясында неміс отбасында туып, депортация толқынымен қазақ жеріне қоныс аударған. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскендіктен, қазақ мектебін тәмамдап, жоғарғы оқу орнында да қазақша білім алады.
Смағұл Елубаев, жазушы:
Қазақ тілі қазақ халқы үшін араша түсіп жүрген үлкен азамат өмірден өтті. Халқымыз Белгердің ажалын бейне бір жақын туысының ажалындай қабылдап жатыр. Қазақ тілін жақсы меңгерген Герольд Бельгер өмір бойы қазақты дос санап өтті, сүйіп өтті. Және де қазақ тілін қызғыштай қорғап өтті.
Герольд Карлұлы Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті Істері басқармасына қарасты Орталық клиникалық ауруханада көз жұмды. Марқұм осыдан бір апта бұрын жансақтау бөліміне жатқызылған.
Ол соңғы жылдары мидың қатерлі ісігіне шалдыққан. Қаламгердің 80 жасқа толған мерейтойы өткен жылы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Марқұммен қоштасу рәсімі сейсенбі күні Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының қабырғасында өтпек.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ