Шығыс Қазақстан облысы Чапаев ауылындағы орта мектеп құрылысы жырға айналып кетті. 4 жыл ішінде құрылыс нысанында 4 мердігер ауысты. Бес бірдей елді мекеннің 130-дан астам оқушысы болса, апатты жағдайда тұрған балабақша қабырғасында білім алуға мәжбүр. Құрылысқа кіріскен жаңа мердігер, қосымша қаржыландыру болмаса, нысанды тапсырғысы жоқ.
Чапаев ауылындағы жаңа мектеп - мұндағы тұрғындар үшін ескерткіш іспетті. Екі қабатты кең мектептің құрылысы бітпей қойды. Ал жақын маңдағы 5 ауылдың оқушылары амалсыздан апатты жағдайдағы ғимартта білім алып жүр. Ішінде білім алуға мүлдем жағдай жоқ.
Галина Рыбина, мектеп директоры:
Әрине, іші тар. Санитарлық талаптар сақталмаған, арнайы спорт зал деген атымен жоқ.
Жаңа мектеп 2012 жылы пайдалануға берілуі тиіс-тін. 2011 жылы тендер арқылы 150 орындық ғимарат құрылысына облыс қаражатынан 70 миллион теңге бөлінген. Алайда тендерді ұтып алған компания құрылысты дер кезінде тапсырмады. 4 жыл ішінде мердігерлер ауыса берді. Бірақ ешбірі жұмысты тыңғылықты істеп, нысанды тапсырмады. Қазір мектеп «Шығыс Строй» ЖШС-не тапсырылды. Мердігер құрылыс жұмыстарын аяқтауға жақын. Бірақ ақшасын алмағандықтан, құрылысты тоқтатып тастады.
Сергей Оградов, мердігер құрылыс ұйымының директоры:
Бірінші қабатта жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Еден салынбаған, іште суық, ыстық су болмады. Ғимарат сырты да әрленбеген.
Жаңа сметаға сай, құрылысшыларға 40 миллион теңгедей төленуі тиіс. Алайда, құрылыс басқармасындағылар қосымша қаражат жоқтығын айтады. 2011 жылы құрастырылған сметалық құжатты да ешкімнің қайта қарағысы жоқ сынды.
Аманбай Некенов, ШҚО құрылыс басқармасы бастығының орынбасары:
Бүгінгі таңда 23 миллион теңге әлі төленбеген. Бұл жалпы соманың 5 пайызы. Қаражатты мектеп пайдалануға берілгенде ғана төлейміз. Яғни мердігерлер сұрап отырған қосымшга 14 немесе 16 миллион теңгені таба алмаймыз.
Құрылыс жұмыстарының созылып кетуі ауыл тұрғындарының үмітін үзді. Енді мәселеге демеушілер араласпаса, оқушылар келер жылы да жаңа мектептің табалдырығын аттамайтын сынды.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА, Ирина ЯКУНИНА